345 бірлік жүк флотының жалпы жүккөтергіштігі 99 754 тоннаны құрайды, ол навигацияда 9 тоннаға дейін жүк тасымалдауға қабілетті.
Ірі тоннажды көлік флотын тиімді пайдалануға кедергі келтіретін, кідіртетін фактор кеме жүрісінің жеткіліксіз габариті болып табылады.
3.4. Мемлекеттік техникалық өзен флотының жай-күйін талдау
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрінің 1995 жылғы 14 наурыздағы № 54 бұйрығымен бекітілген Өзен флотын техникалық пайдалану ережесіне сәйкес кемелердің жай-күйі кемелерге біліктілік органдары ұсынатын талаптарға, ішкі су жолдары бойынша жүзу ережесіне, қауіпсіздік техникасының, өрт қауіпсіздігі талаптарына, санитарлық және техникалық нормаларға, халықаралық конвенциялар мен келісімдерге сәйкес келуі тиіс.
Көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін кемелер пайдалануға жіберілмейді, ал қызмет мерзімі өтуімен есептен шығаруға жатады.
Белгіленген талаптарға қатысты төмендетілген параметрлері бар кемелер жыл сайын кеменің негізгі буындарын түгендеу мен ақаусыздандыру жүргізумен пайдалануға шектеулі жарамды деп танылады.
Республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорындарының теңгерімінде 126 бірлік флот бар, соның ішінде:
Жабдықтау флотының кемелерi
Барлығы 49 бірлік, соның ішінде:
5 бірлікті (10,2%) пайдалануға тыйым салынған және есептен шығаруға жатады;
5 бірлік (10,2%) қызмет ету мерзімін қысқартумен пайдалануға шектеулі жарамды деп танылған;
39 бірлік (79,8%) пайдалануға жарамды деп танылған, бірақ шекті мерзімі бар және кезең-кезеңмен ауыстыруға жатады.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 1997 жылғы 17 шілдедегі № 519 бұйрығымен бекітілген Ішкі су жолдарының навигациялық жабдығын күтіп ұстау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жалпы ұзақтығы 3 982 км су жолдарының қызмет көрсетілетін учаскелері 1, 2 және 3 күрделілік топтары учаскелеріне бөлінеді, соның ішінде:
1 күрделілік тобы учаскелеріне жалпы ұзақтығы 858 км (1 теплоходқа 50-60 км) су жолдары жатқызылған;
2 күрделілік тобы учаскесіне жалпы ұзақтығы 1816 км (1 теплоходқа 60-80 км) су жолдары жатқызылған;
3 күрделілік тобы учаскесіне жалпы ұзақтығы 1308 км (1 теплоходқа 80-100 км) су жолдары жатқызылған.
Осы Нұсқаулыққа сәйкес жабдықтау флоты кемелеріне ағымдағы қажеттілік:
(858/55) + (1816/70) + (1308/90) - 49 = 7 бірлікті құрайды.
2005-2006 жылдары жабдықтау флоты кемелерінің 3 бірлігін сатып алуды ескере отырып, жабдықтау флотындағы ағымдағы қаттылық 4 бірлікті құрайды.
Жоғарыда келтірілген деректерге сәйкес кеме қатынасы навигациялық жағдайға көрсетілген су жолдарында қызмет көрсету үшін 56 кеме қажет. Қазіргі уақытта осы кеме қатынасы су жолдарына қызмет етудің жоғары мерзімімен 49 теплоход қызмет көрсетеді. Кемелердің жеткіліксіз саны, сондай-ақ навигация ішінде оларды жүйелі жөндеу кеме қатынасы су жолдарын күтіп ұстау сапасына әсер етеді және оларды күтіп ұстауға қосымша қаржы шығындарын туындатады.
Кеме қатынасы су жолының бұрын пайдаланылмаған учаскелерін іске қосылуын ескерумен жабдықтау флоты кемелеріне жалпы қажеттілік 2012 жылға дейін 13 бірлікті құрайды.
Навигация жабдығына қызмет көрсету үшін жабдықтау флотының қажетті саны болмауына қарай оны күтіп ұстауға арналған шығыстар ұлғаюда, бұл ЖЖМ, материалдарды сатып алуға қосымша шығындарды, негізгі құралдардың тозуын, теплоходтарды техникалық жарамды жай-күйде ұстау жөнінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражатты ұлғайтуды туындатады.
Түбін тереңдету техникасы
Кеме жүрісі габариттерін қамтамасыз ету, су жолдарының гидрологиялық жай-күйін жақсарту түбін тереңдету техникасымен және өзге де машиналармен және жабдықпен (бұдан әрі - мамандандырылған техникалық флот) қамтамасыз етіледі. Мамандандырылған техникалық флоттың құрамына мыналар кіреді: жүзбелі крандар, качкрандар, жер снарядтары мен жер сорғыштар, мотоәкелгіштер, шағын қайықтар.
Қазіргі уақытта мамандандырылған техникалық флоттың 18 бірлігінен 5 бірлік (27,7%) тыйым салынған жай-күйде және есептен шығаруды қажет етеді, 2 бірлігі (11,1%) шектеулі жарамды және 11 бірлігі (61,2%) пайдалануға жарамды деп танылған.
2 бірлік (пайдалануға тыйым салынғандардан) Іле және Балқаш бассейндерінің кәсіпорындарына жатады, оларға осы өңірдің бақылау-қадағалау органдары кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет көрсетілетін су жолдары шекті қайраңдарында түбін тереңдету жұмыстарын жедел жүргізуді ұйғарған. Ұйғарымда көрсетілген іс-шараларды іске асыру мамандандырылған флоттың болмау жағдайында мүмкін емес.
Негізгі қорлары құрылымына Жайық-Каспий каналы кіретін Атырау республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорнында түбін тереңдету техникасы жоқ. Осы себептен 2004 - 2005 жылдары оны қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажет болды. Жайық-Каспий каналын қайта жаңартуға республикалық бюджеттен жалпы шығындар 827 млн. теңгені құрады.
Жайық-Каспий каналын қайта жаңартқаннан кейін тиісті кепілді тереңдікті жыл сайын қамтамасыз ету үшін оны қайта жаңарту жөніндегі жұмыс жобасында жыл сайын шамамен 500 мың шаршы метр көлемінде жөндеу түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу көзделген. Кәсіпорында өзінің мамандандырылған техникасының болмауы оны шетелдік компаниялардан тартуды талап етеді.
2004 жылы Павлодар және Шығыс Қазақстан республикалық мемлекеттік қазыналық су кәсіпорындарының КПЛ 5-30 жобасының 2 бірлік жүзбелі кранын сатып алуы және "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" РМК-дан Орал республикалық мемлекеттік қазыналық су кәсіпорнына өздігінен жүретін жер снарядын беру осы санат бойынша флоттың жай-күйіне оң әсер етті.
Ішкі су жолдары бойынша кеме қатынасының қарқындылығын ұлғайту бойынша болжамдарды негізге ала отырып, мамандандырылған техникалық флотты сатып алуға жалпы қажеттілік 2012 жылға дейін 22 бірлікті құрайды.
Қосалқы флот кемелерi
Қосалқы флот кемелері жағдайлық флотқа, түбін тереңдету техникасына кешенді қызмет көрсету жөнінде қосалқы жұмыстарды орындауға, сондай-ақ кеме жүретін су жолдарын күтіп ұстауға байланысты басқа да жұмыстарды жүргізуге арналған.
Қосалқы флот кемелеріне мыналар жатады: тіркеп сүйрегіштер, пайдаланған және фекальдық суларды жинауыштар, баржалар, отын құйғыштар, брандвахталар, мотоәкелгіштер, жол мастерінің катерлері, сүңгуірлік боттар және басқа да мамандандырылған кемелер.
Қазіргі уақытта қосалқы флоттың 59 бірлігінен 8 бірлік (13,6%) тыйым салынған жағдайда, 10 бірлік (17,0%) шектеулі жарамды және 41 бірлік (69,4%) пайдалануға жарамды деп танылған. Шағын өлшемді кемелер оларды пайдалану мерзімдерінің шектеулігін (5 жылға дейін) ескере отырып, есептен шығарылған ( 1999 жылға дейін).
2006 жылғы 1 қаңтардағы жай-күй бойынша кәсіпорындардың кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орындалатын жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті қосалқы флот кемелерін қосымша сатып алу қажеттілігі 45 бірлікті құрады.
Мемлекеттік техникалық өзен флотының жалпы жай-күйі және қосымша техникалық флотқа қажеттілік 2-диаграммада көрсетілген.
2-диаграмма
Техникалық флоттың жай-күйі және қосымша техникалық
флотты сатып алу қажеттілігi

3.5. Кеме қатынасы шлюздерінің жай-күйін талдау
Өскемен бір камералы кеме қатынасы шлюзі өзінің конструкциясы мен техникалық сипаттамасы бойынша шахталық үлгідегі, ұзындығы 80 км-ге дейін жасанды көл-су қоймасының таулы тар шатқалында орналасқан, су қысымының биіктігі 42 м бірегей құрылыс болып табылады.
1953 жылдың 3 маусымында бірінші шлюздеу жүргізілген. Өскемен шлюзі жұмыс істеуінің барлық уақытында 57851 шлюздеу жүргізілген және 82681 бірлік флот өткізілген.
Шлюзді 53 жыл пайдаланған уақытында бетондық және металдық конструкциялардың бір бөлігі бұзылды, коррозиялық тозды, оларды күрделі жөндеу немесе ауыстыру қажеттілігі пайда болды.
Өскемен шлюзінің іс жүзіндегі жағдайын анықтау үшін 2001 жылы "Ленгидросталь" СПҚТБ (Санкт-Петербург қаласы) тартумен Энергетикалық құрылыстардың ғылыми-зерттеу институты (Мәскеу қаласы) шлюздің бетондық және металдық конструкцияларына аспаптық зерттеу жүргізген.
Зерттеу нәтижесі бойынша шлюздің жұмыс жасайтын және авариялық-жөндеу қақпаларының металдық конструкциялары оларды ауыстыруды қажет ететін қауіпті ауытқу жағдайында екендігі туралы қорытынды жасалды. Қақпалардың металдық қонструкцияларының кейбір конструктивтік элементтеріндегі қауіп рұқсат етілген жүктемеден 30%-дан 90%-ға дейін асады. Уақытша пайдалану қажеттілігі кезінде (жаңа қақпалар орнатылғанға дейін) металдық конструкцияларды күшейту, ақауларды жою, коррозияға қарсы жұмыстарды жүргізу жөніндегі жөндеу жұмыстарын орындау қажет.
Бұқтырма кеме қатынасы шлюзі Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласының маңында Ертіс өзені оң жақ жағалауының жартас массивінде орналасқан, 1963 жылы пайдалануға берілген және оның су қысымының биіктігі 68,6 м төрт кеме өткізу камерасы бар.
Бұқтырма шлюзінің қауіпсіз жұмысын және Ертіс-өзенінде қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін жалпы (Қазақстан Республикасы шегінде 2-ші, 3-ші, 4-ші және 5-ші шлюз басының қақпаларын қайта жаңартуға арналған жобаны, екі жақты қақпаларды қайта жаңарту жөніндегі жұмыстарды жүргізуге төрт жинақты сметаны және 2-ші, 3-ші, 4-ші мен 5-ші шлюз бастарында құрылыс-монтаждық жұмыстарды жүргізуге арналған төрт жинақты сметаны жасаумен екі жақты қақпалардың металдық конструкциясын қайта жаңарту қажет. Шлюзді қырық үш жыл бойы пайдаланғаннан кейін 2002 жылы екі жақты қақпалардың жай-күйіне «Ленгидросталь» ААҚ зерттеу жүргізді. Шлюз қақпаларының бұзылуына соқтыратын күрделі учаскелердің пайда болуы анықталды.
Шлюздің жоғарғы басы жабдығына қызмет көрсету үшін қазіргі уақытта жүк көтергіштігі 40 т "Деррик" үлгісіндегі темір аяқты кран жұмыс жасауда. Бірақ, оны жүк көтергіштігі одан да жоғары (40-50 тонна) ұқсас кранға ауыстыру өндірістік қажеттілігі туды. Қолданыстағы кран 43 жыл жұмыс жасауда және өзінің моторесурсы біткен. Кранның істен шығуы бүкіл Бұқтырма шлюзі жұмысының тоқтауына әкеп соқтырады.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттерi
Бағдарламаның мақсаты халықтың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің Қазақстан Республикасының өзен көлігі көрсететін қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыру үшін ішкі су жолдарын кеме қатынасы үшін қауіпсіз жағдайда ұстау арқылы ішкі су жолдары бойынша кеме қатынасын дамыту болып табылады.
Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді жүзеге асыру көзделеді:
кеме қатынасын дамыту және өзен көлігімен жүк тасымалдау көлемін 7 млн. тоннаға дейін ұлғайту;
транзит әлеуетін дамыту;
өзен көлігі саласында кадр әлеуетін арттыру;
Қазақстан Республикасының ішкі су жолдарында экологиялық жағдайды жақсарту;
өзен көлігімен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кеме қатынасы су жолдарына қойылатын қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету;
мемлекеттік техникалық өзен флотының кемелерін кезең-кезеңмен ауыстыру және жаңғырту;
кеме қатынасы шлюздерінің құрылыстары мен жабдығын қайта жаңарту және жаңғырту.
5. Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары мен тетігi
Бағдарламаны іске асыру екі кезеңде жүзеге асырылады:
1 кезең: 2007 - 2009 жылдар
Бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңі ішінде мынадай бағыттар өзен көлігін дамыту және ішкі су жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында негізгі басымдарға ие болады:
Жайық-Каспий каналы арқылы жүк тасымалын жүзеге асыру кезінде көлік флотын қауіпсіз пайдалануға жағдай жасау;
мемлекеттік техникалық өзен флотын жаңарту мен жаңғыртудың бірінші кезеңін жүзеге асыру;
Өскемен және Бұқтырма шлюздерінің құрылыстары мен жабдығын қайта жаңарту мен жаңғыртудың бірінші кезеңін жүзеге асыру;
отандық кеме жасау, кеме жөндеу кәсіпорындарын қалпына келтіру үшін жағдай жасау.
2 кезең: 2009 - 2012 жылдар
Саланың теңдестірілген қызметін қамтамасыз ету және алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында мыналар дамытудың негізгі бағыттары болып табылады:
өзен көлігімен жолаушыларды және жүкті тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кеме қатынайтын су жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
санын 163 бірлікке дейін жеткізумен мемлекеттік техникалық өзен флотын жаңарту мен жаңғыртуды аяқтау;
ілеспе жабдық сатып алу;
Өскемен және Бұқтырма шлюздерінің құрылыстары мен жабдығын қайта жаңарту мен жаңғыртуды аяқтау;
өзен көлігімен жүк тасымалының көлемін жылына 7 млн. тоннаға дейін ұлғайту;
су жолдарын кеме қатынайтын жай-күйде ұстау жөніндегі іс-шараларды іске асыруға байланысты қызметтердің құнын төмендету.
5.1. Кеме қатынасын дамыту және 2012 жылға дейінгі
күтілетін тасымалдар көлемi
Ертіс бассейнi
Су көлігімен жүктердің негізгі тасымалы Ертіс өзенінің Қазақстан бөлігінің бүкіл ұзақтығында, сондай-ақ жүктердің экспорт-импорт тасымалдары Ресей Федерациясының Омбы және Ханты-Мансийск қалалары бағытында жүзеге асырылатын болады.
Омбы және Ханты-Мансийск (Ресей Федерациясы) қалалары бағытында құрылыс жұмыстарының ұлғаюын ескере отырып, мыналарды тасымалдауды ұлғайту жоспарлануда:
құм-қиыршықтас қоспасын (ҚҚҚ) 450 мың тоннаға дейін;
шағылтасты 225 мың тоннаға дейін;
құмды 180 мың тоннаға дейін;
жыл сайын 100 мың тоннаға дейін темірбетонды және құрылыс материалдарын, кері жүк ағынымен 522,8 мың тоннаға дейін орман және 90 мың тоннаға дейін кірпіш зауытының өнімін.